Павлодарда газ жануы салдарынан 850-ден аса адам эвакуацияланды

Фото: Фото: Павлодар облысы ТЖД

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар қаласында жер астында орналасқан газгольдердегі газ жанып жатыр.

Құтқарушылар оқиға орнына жақын орналасқан ғимараттардан 850-ден астам адамды өзге жерлерге эвакуациялады. Арасында оқушылар да бар.

Фото: Павлодар облысы ТЖД

Бұл туралы өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

— Облыс орталығындағы газгольдердегі газдың жануы туралы ақпарат бүгін сағат 13.31-де тіркелді. Өрт 2 шаршы метр алаңдағы жерасты газгольдерінде шыққан. Өрт сөндірушілер газ-ауа қоспасынан шыққан жалынды жедел сөндіруге және оны салқындатуға кірісті. Оқиға орнында төтенше жағдайлар департаментінің басқаруымен жедел штаб құрылды. Адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жақын орналасқан ғимараттардан 850-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Олардың арасында жақын орналасқан № 11 орта мектебінің оқушылары да бар. Эвакуацияланған халықты жылыту үшін 3 автобус және аталған орынды қоршауға 3 полиция экипажы тартылды, — деп мәлімдеді баспасөз қызметінен.

Фото: Павлодар облысы ТЖД

Еске сала кетейік, Павлодарда үш бірдей астық кептіргіште өрт шықты.