Аймақта шетелдіктердің қатысумен бірқатар заң бұзушылықтар анықталған.
— Тоғыз айдың қорытындысы бойынша сот шешімімен 99 шетел азаматы Қазақстан аумағынан әкімшілік тәртіппен шығарылған. Сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін 119 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды, — деп хабарлады өңірлік полиция департаментінен.
Департамент мәліметінше, көші-қон қызметінің қызметкерлері заң бұзушылықтарды анықтау мақсатында тұрақты түрде нысаналы тексерулер мен рейдтік іс-шаралар жүргізіп келеді.
Бұдан бөлек, жыл басынан бері 595 шетел азаматы Қазақстан Республикасының азаматтығын алған. Ал Павлодар облысының 254 тұрғынына шетелге тұрақты тұруға кетуге рұқсат берілген. Олардың 94-і алыс шетел мемлекеттеріне, 160-ы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріне қоныс аударуға ниетті.
Еске сала кетейік, СҚО-да заңсыз жүрген 120 шетелдік рейд кезінде ұсталды.
Сондай-ақ шетелдіктерге жеке сәйкестендіру нөмірін беру қағидалары өзгергені туралы жазғанбыз.