Павлодарда құрылыс компаниялары 120 млн теңге салықты жасырып қалған

АСТАНА. KAZINFORM — Павлодар облысында бірқатар компания жылжымайтын мүлік нысандарын сату бойынша мәмілелерді салықтық есептілікте көрсетпеген. 

Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Прокурорлар қадағалау қызметі барысында құрылыс саласында табысты жүйелі түрде жасыру фактілерін анықтады. 

Бірқатар компания жылжымайтын мүлік нысандарын сату бойынша мәмілелерді салықтық есептілікте көрсетпеген, бұл бюджетке елеулі шығын келтірді.

— Атап айтқанда, құрылыс компанияларының бірі тұрмыстық қызмет көрсетуге арналған 43 нысанды сатқан. Алайда бұл туралы мәліметтер декларацияда көрсетілмеген.

Салдарынан компания салықтық міндеттемелерін жасырып, 77,8 млн теңге көлемінде корпоративтік табыс салығын төлемеген, — делінген прокуратура хабарламасында.

Осындай заң бұзу тағы 12 құрылыс компаниясы бойынша анықталды.

Павлодар облысы прокуратурасының қадағалау шаралары нәтижесінде 120 млн теңге бюджетке қайтарылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. 

Айта кетелік Қостанай облысында құрылыс талаптарын бұзған компаниялар жауапкершілікке тартылды