МДС шағын ауданы Назарбаев, Амангелді, Катаев және Краснодонская көшелерінің аралығындағы жеке үйлерді қамтиды. 2021 жылы мердігер компания өз қаражаты есебінен орталық жылу коммуникацияларын тартқан. 300 үйге арналған жобаны әзірлеп, «Павлодар жылу желілері» ЖШС-мен келіскен. Тұрғындарға үйлеріне дейін құбыр тартып, қажетті жабдықтарды орнату міндеті жүктелген.
Құрылыс компаниясы директорының орынбасары Дмитрий Тесланың айтуынша, алғашқы жылы 34 үй, келесі жылы тағы 10 үй орталық жылуға қосылған. 2022 жылдың соңында тағы 10 үйге коммуникациялар тартылған. Алайда 2023 жылғы қаңтарда нысандарды пайдалануға беру кезінде қосылуға шектеу қойылған.
Павлодарлық Дмитрий Толмачев үйіне құбыр тарту және жылу торабын орнату үшін шамамен 4 миллион теңге жұмсаған. Қазір ол қымбат жабдықтың тұрғанына қарамастан, көмір мен отын сатып алып, пеш жағуға мәжбүр. Оның айтуынша, үйлерге тартылған құбырлар негізгі жылу трассасынан ажыратылған.
— Бізді толық қосып қойған, барлық жұмыс орындалды. Қазір кранды ашып, жылуды пайдалана аламыз. Бізге тек рұқсат құжаттары керек. Осы 10 үйдің мәселесін жеке қарастыруды сұраймыз. Қажет болса, аудит жүргізіп, жылудың жеткілікті екенін тексеруге дайынбыз, — дейді Шымкент көшесі, 64-үйдің тұрғыны.
«Павлодар жылу желілері» ЖШС-ның мәліметінше, тұрғындарға техникалық шарттардың берілгеніне екі жыл өткен. Осы уақытта олар жобаны бекітіп, жылу желісі мен торабын орнатып, құжаттарын әзірлеп, жүйеге қосылуға тиіс еді.
— Егер нысандар белгіленген мерзімде қосылмаса және рәсім ресми аяқталмаса, техникалық шарттар күшін жояды. 2023 жылғы қаңтарда жылу қуатының тапшылығына байланысты аудан «қызыл» аймаққа ауыстырылды. Қазір мұндай аумақтарда жаңа техникалық шарттар беру немесе нысандарды қосу мүмкін емес, - деп жауап берді компания.
Тұрғындар небәрі 10 үйдің жылу жүйесіне қосылуы қаланың жылу жүйесіне едәуір жүктеме түсіретініне күмәнмен қарайды. Сондай-ақ жақын маңда жаңадан көпқабатты үйлер салынып, оларға жылуға қосылуға рұқсат беріліп жатқанын айтады.
Олар бұл мәселені жеке қарастырып, орнатылған жабдықтарды пайдалануға мүмкіндік беруді сұрап отыр.
Бұған дейін Петропавл қыста жылусыз қалмауы үшін не істелдгенін жазғанбыз.