Павлодарда публицист, қоғам қайраткері Сәдуақас Шормановтың 175 жылдығына орай кітап жарық көрді

Фото: Есенжол Исабек

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Кітапқа Сәдуақас Шормановтың 1907 жылы Қазан қаласында басылып шыққан «Аушы» атты зерттеу еңбегі, Ресейдің Санкт-Петербург қаласының мұрағаттарында сақталған «Басшы» қолжазбасы және сол тұстағы мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалалары берілген.

Сәдуақас Шорманов – ғасырлар тоғысындағы қазақ зиялыларының ішіндегі озық ойлы өкілдерінің бірі. Ол патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы тұрып, қазақ халқының мүддесін қорғады. Әсіресе, жер мәселесінде оның ұстанымы айқын болды. 1905 жылғы патша манифесінен кейін Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстың бастауында тұрған Алаш қайраткерлерімен тығыз байланыс орнатқан.

Фото: Есенжол Исабек

Тұлғаның қазақ публицистикасына қосқан үлесі зор. Оның негізгі еңбектерінің бірі – «Аушы» атты шығармасы. Бұл еңбек оның аңшылық өнерге деген терең білімін, табиғатқа деген сүйіспеншілігін және қазақ халқының дәстүрлі аңшылық мәдениетін сипаттайды. Ол бұл кітабы арқылы қазақ аңшылықтану ғылымының негізін салғанын екінің бірі біле бермейді. Ал көптеген мақаласы қазақ журналистикасының қарлығашы болған «Дала уалаяты», «Айқап», «Қазақ» газеттерінде жарық көрген. Баспасөз беттерінде өз заманының өзекті мәселелерін, атап айтқанда, жер мәселесі, білім беру, халықтың әлеуметтік жағдайы сияқты тақырыптарды көтерді.

Фото: Есенжол Исабек

Кітап құрастырушылары - Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Әділбек Әміренов және Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қызметкері Жанболат Абайхан.

Биыл тұлғаның туғанына 175 жыл толып отыр.

Фото: Есенжол Исабек

Бұған дейін біз академик Қаныш Сәтбаев батасын алған «Сәкен ағайдың» кім екені туралы жазған едік.