Дәрігерлер ротавируспен ауырғандардың саны өткен жылмен салыстырғанда 9 есеге өсіп кеткенін айтып, алаңдап отыр.
- Ротавирус – бұл асқазан-ішек жолдарының инфекциялық ауруы. Оның белгілері құсу, іш өту, әлсіздік, жүрек айну және дене қызуының көтерілуімен сипатталады. Бұл дерт кез келген балаға жұғуы мүмкін. Көп жағдайда ауырғандардың 95 пайызы мектеп алды жасындағы балалар болып шығады. Өткен жылы онымен облыста 11 адам ауырса, биыл осы дертке 98 адам шалдыққан,-дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзагүл Досжанова.
Мамандар аталған вирус түрі ас қорыту жүйесі арқылы жұғатынын ескертеді. Бала суда шомылып жүргенде немесе кір қолмен тамақ ішкенде, ыдыс, орамал, майлық, ойыншықтар арқылы жұғуы ықтимал.
Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодарда респираторлық вирустық инфекция жұқтырғандар көбейе түскені туралы жазғанбыз.