Павлодарда салынып жатқан жаңа көпір тағы да отқа оранды

Фото: Павлодар облысы ТЖД

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Тілсіз жау көпір құрылысындағы № 4 тірек маңайын шарпыған. Өрт сөндірушілер жалын жалпы аумағы 160 шаршы метр жерді қамтығанын хабарлады.

Ертіс өзені үстінен салынып жатқан жаңа автокөпір құрылысынан тағы да өрт шықты.

— Бүгін Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің 101 пультіне салынып жатқан көпірде өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері жедел түрде жеткен сәтте жылу оқшаулағыш материалдар мен ағаш конструкцияларының жанғаны анықталды. Өрт № 4 тірек маңында болған, — деп мәлімдеді облыстық төтенше жағдайлар департаментінен.

Фото: Павлодар облысы ТЖД

Өрт ошағы жер деңгейінен шамамен 30 метр биіктікте орналасуы себепті оны ауыздықтау барысында біраз қиындықтар туындаған. Күрделі жағдайларға қарамастан, өрт сөндірушілер жалынды жедел түрде бақылауға алып, 160 шаршы метр аумақта қысқа мерзімде толықтай сөндірген.

— Өрттің одан әрі таралуына және көпір құрылымына жайылуына жол берілген жоқ. Өрттің себебі анықталып жатыр, — деп хабарлады департаменттен.

Фото: Павлодар облысы ТЖД

Еске сала кетейік, Павлодарда салынып жатқан жаңа көпірде биыл қыста екі мәрте өрт шыққан еді. Оның бірінде ағаш қалып пен жылу оқшаулағыш материалдар жанса, екінші жағдайда қорғаныс шатыры мен өзге де конструкциялар отқа оранды

Жаңа көпірдің аралықтарын қыркүйек айында түйістіру жоспарланып отыр

Нысан жыл соңында пайдалануға берілуі мүмкін