2026 жылдың 10 айында сауда заңнамасын бұзған кәсіпкерлерге жалпы сомасы 4,5 млн теңге айыппұл салынған. Осы кезеңде кәсіпкерлерге қатысты 166 жоспарлы және жоспардан тыс тексеру жүргізілген.
Тексеру қорытындысы бойынша 144 кәсіпкер жауапкершілікке тартылды. Олардың 139-ына айыппұл салынған.
Атап айтқанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесінің шекті мөлшерін асыра көтергені үшін жалпы сомасы 1,5 млн теңге болатын 103 әкімшілік айыппұл салынды.
— Бағаны тұрақтандыру және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары құнының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында департамент тұрақты түрде баға мониторингін жүргізіп, сауда қызметі саласындағы заңнама талаптарының сақталуын бақылауда. Баға белгілеу заңнамасының бұзылуына жол бермеу және тұтынушылардың құқықтарын қорғау жұмыстары жалғасып жатыр, — деп хабарлады Павлодар облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті.
Еске сала кетейік, Алматыда азық-түлік бағасын негізсіз көтерген кәсіпкерлерге 80 млн астам айыппұл салынды.