Павлодарда шатыры 80 млн теңгеге жөнделіп жатқан тұрғын үйге су кіріп, пәтерлер бүлінді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Павлодар қаласындағы Нұрмағамбетов көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің тұрғындары «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы аясында шатырды жөндеуге келіскен. Алайда мердігер негізгі жұмыстарға тек қараша айында кірісіп, соның салдарынан жоғарғы қабаттардағы пәтерлерге су кірген.

Фото: Артём Викторов / Kazinform

Нұрмағамбетов көшесіндегі №120/1 үйде тұратын Виктор Шалугиннің пәтеріндегі барлық бөлменің керме төбесі ісініп кеткен. Пәтер иесі сымдардың тұйықталуынан қауіптеніп, люстраларды асығыс шешіп, электр қуатын ішінара ажыратқан.

Фото: Артём Викторов / Kazinform

– Жұмыстар жазда жүргізіледі деп ойлағанбыз. Шатырды күзде немесе қыста кім жөндейді? Дегенмен жұмыс басталған соң, неғұрлым тез аяқталғаны біз үшін жақсы. Бірақ осылай су астында қала берсек, бұл мәселенің шешімі ұзақ күттіретіндей. Шатырдың бәрін кірпішпен ойып, бүлдіріп тастады, – дейді Виктор Шалугин.

Тұрғындардың айтуынша, мердігер жұмысқа биылғы 10 қарашада кіріскен. Қарашадағы нөсер жаңбыр салдарынан жоғарғы қабаттардағы пәтерлердің барлығын су басқан. Тұрғындар келтірілген шығынды кімнен талап ету керегін білмей отыр. Кей пәтерлерде қабырға сылағы түсіп, тұсқағаздар мен төбе жиектері ажырай бастаған. Қабырғаларда ылғал ізі тұрып қалған.

Фото: Артём Викторов / Kazinform

– Біздің үйде 30-ден астам пәтер бүлінді. Су тек бесінші қабаттағы пәтерлерге ғана емес, төртінші және үшінші қабаттағы пәтерлерге өтіп үлгерген. Кейбір подъездерде тіпті бірінші және екінші қабаттарға дейін су жеткен. Негізінен бесінші қабаттағы пәтерлер мен подъезд алаңдары зардап шекті, – дейді тұрғын Галина Крук.

Көпқабатты үйдің шатыры «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы бойынша жөнделіп жатыр. Тұрғындармен 80 млн теңге сомасына 15 жыл мерзімге келісімшарт жасалған. Пәтер иелері ай сайын баспанасының ауданына қарай 3 мыңнан 7 мың теңгеге дейін төлейді.

Фото: Артём Викторов / Kazinform

Үйге қызмет көрсететін ұйым өкілдері мердігердің жұмысқа қараша айында кірісуіне тұрғындардың жаңғырту бағдарламасына келісімін жинау және кейін келісімшарт жасасу процесінің ұзаққа созылуы себеп болғанын түсіндірді.

Фото: Артём Викторов / Kazinform

– Техникалық қадағалау суағарлар үшін арнайы саңылаулар жасауға тыйым салды. Әйтпесе мердігер бастапқыда мұндай ойықтарды жасауды бастаған еді. Олар жаңбыр жауатынын білген, су басудың алдын алмақ болған. Алайда техникалық қадағалау бұған рұқсат бермеді, – деді үйге қызмет көрсететін ұйымның басшысы Балшақар Мұқанова.

Павлодар қаласының әкімдігі көпқабатты үйдің шатырын жөндеу жұмыстары қазан айында басталғанын және үш ай ішінде аяқталуы тиіс болғанын хабарлады. Алайда қарашадағы жауын-шашын жұмыс барысына кедергі келтірген.

Фото: Артём Викторов / Kazinform

– Қала әкімдігі, тұрғын үй инспекциясы, техникалық қадағалау, мердігер және басқарушы ұйымдардың өкілдері үй тұрғындарымен кездесіп, зардап шеккен пәтерлерді алдын ала қарап шықты. Су басу салдарынан келген барлық шығынды мердігер ұйым өз қаражаты есебінен өтейді. Бұл мәселе бақылауда, – деп хабарлады Павлодар қаласының әкімдігі.

Фото: Артём Викторов / Kazinform

Қазіргі уақытта зардап шеккен пәтерлерді тексеріп, келтірілген залал көлемін анықтау үшін тиісті актілер толтыратын комиссия құрылған.

Еске сала кетейік, Павлодарда Достық ауылының тұрғындары ауызсуды әлі күнге дейін тасып ішуге мәжбүр.