Павлодарда Достық ауылының тұрғындары ауызсуды әлі күнге дейін тасып ішуге мәжбүр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар қаласынан шамамен 50 шақырым жерде орналасқан ауыл тұрғындары әлі күнге дейін ауызсуды құдықтан тасуға мәжбүр. Биыл елді мекенде су құбырын тарту жұмыстары басталуы тиіс болғанымен, қараша айына дейін құрылыс жұмыстары қолға алынбаған.
Бұл мәселе әлеуметтік желіде көтерілді. Тұрғын Риза Есболатова Threads әлеуметтік желідегі жазбасында Достық ауыл адамдарының ауызсу мәселесін көтерген.
Оның айтуынша, ауыл халқы суды әлі күнге дейін су колонкасынан тасиды. Ал су құбырын тарту жұмыстары 2026 жылы басталады деп жоспарланғанымен, тұрғындар әзірше құрылыс басталғанын көрмеген.
Мәселеге қатысты Павлодар ауданының әкімі Дидар Ибраев түсініктеме берді. Оның айтуынша, Чернорецк ауылдық округіне қарасты Достық ауылындағы су құбырын реконструкциялау және салу жобасының жобалық-сметалық құжаттамасы биыл қаңтар айында мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған. Одан соң мердігер ұйымды анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған.
– Жобаның жалпы құны – 1,3 млрд теңге. Келісімшарт 2026–2027 жылдарға арналған екі жылдық мерзімге жасалды. Сонымен қатар авторлық және техникалық қадағалау қызметтерін көрсету бойынша да келісімшарттар жасалды. Қазіргі уақытта құрылыс материалдарын сатып алу және негізгі құрылыс-монтаж жұмыстарына дайындық жүргізіліп жатыр. Жұмыстарды келесі жылдың көктемінде бастау жоспарланған, – дейді Дидар Ибраев.
Сараптама қорытындысына сәйкес, құрылыс-монтаж жұмыстарына бес ай уақыт қарастырылған. Жобаны толық аяқтау 2027 жылға жоспарланып отыр.
Еске сала кетейік, Павлодар өңіріндегі ауылдарда ауызсу сынамаларының 150-ден астамы талапқа сай болмай шықты.