Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, қардың күрт еруіне байланысты көшелердің ойпаң тұстарына су жиналып қалған. Қарғын судың үйлер мен өзге де ғимараттарға нұқсан келтіргені туралы ақпарат әзірге тіркелмеген.
- ТЖД күштері мен жергілікті атқарушы органның бірлесуінің нәтижесінде Павлодар қаласы мен Атамекен кентінде, Ақсу қаласы мен Павлодар ауданындағы бірқатар елді мекенде еріген қар суын сору жұмыстары жалғасып жатыр. Жалпы саны 115 адам мен 51 техника, 21 мотопомпа жұмылдырылған. Бір күннің ішінде 27 мың текше метрден астам су сорылып алынды, - деп хабарлады баспасөз қызметінен.
Бұған қоса мамандар «Атамекен-Ақсу-Көктөбе-Курчатов» республикалық маңызы бар автожолының 15 және 129 шақырымдарында судың мол мөлшерде жиналып қалғанын хабарлады. Жол бойларын биіктету шаралары жүргізіліп, құм толтырылған 620 қапшық пен 45 тонна инертті материалдар төселді.