Елімізде Tartyl Fest Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Дара» таланттарды қолдау қоры» ҚҚ қолдауымен өткізіледі.
Павлодар – кезекті турнир өтетін он жетінші қала. Фестиваль ERTIS PROMENADE сахнасында өтеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, тіркеу, салмақ өлшеу және қатысушыларға нөмірлер беру сағат 09:00-ден 12:00-ге дейін жүргізіледі. Фестивальдің ресми ашылуы сағат 14:00-де басталады.
Бүгінгі кештің хедлайнері танымал орындаушы 2RAR болмақ.
Tartyl Fest фестивалінің тәртібі Қазақстанның барлық 20 қаласы үшін - ортақ. Қатысушылар жасы мен салмағы бойынша 9 санатта сынға түседі. Оған ресми қазылар алқасы төрелік етуде.
10 маусымда басталған фестиваль 6 қыркүйекте мәресіне жетуі керек. Қатысушы 20 қаланың әрқайсысында 27 жеңімпаз анықталады. Олардың бәріне ақшалай жүлде беріледі.
Қала деңгейінде бірінші орын алған жеңімпазға 200 мың теңге, екінші орынға 100 мың теңге, үшінші орынға 50 мың теңге тағайындалған. Қалалық деңгейде бірінші орын алған 9 санаттың жеңімпаздары Нұр-Сұлтан қаласындағы гранд-финалда күш сынасады. Оның жүлде қоры 54 млн теңге.
Ал гранд-финал жеңімпаздары Street workout-тан өтетін әлем чемипонатына қатысуға мүмкіндік алады. Жобаның амбассадоры – Айтым Жақыпов. Ол Street workout-тан бірнеше рет Қазақстанның және әлемнің рекордтарын жаңартқан. Ал Streetlifting-тен Еуропа рекордсмені.
Бұған дейін Tartyl Fest фестивалінде жезқазғандық жеңімпаздар анықталған болатын.
Турникке тартылу фестивалі жалпы Қонаев қаласында басталды. Кейін Түркістанда, Талдықорған, Алматы, Тараз, Шымкент, Ақтау, Қызылорда, Атырау, Орал, Ақтөбе , Қостанай, Петропавл, Көкшетау қалаларында жалғасын тапты.