Павлодарда ұн тартушылар мен наубайханашылар тапшы

Фото: Фото: Дарья Аверченко/Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Жергілікті кәсіпкерлер бұл мәселені технологиялық колледжде жаңа мамандықтар ашу арқылы шешуді ұсынып отыр.

Павлодар технологиялық колледжі, қала кәсіпорындары және «Атамекен» өңірлік палатасы тамақ өнеркәсібі саласының сұранысқа ие мамандықтары бойынша кадрлар даярлау туралы меморандумға қол қойды.

— Жаңа меморандум Павлодар кәсіпорындарымен бірлесіп наубайхана, кондитерлік және ұн тарту өндірісінде жұмысшылардың жетіспеушілігін шешуге мүмкіндік береді, — деп атап өтті өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов.

Фото: Өңірлік кәсіпкерлер палатасы

Бұған дейін Қайта өңдеушілер қауымдастығының басшысы Жанар Серімова кәсіпкерлер палатасына өтініш білдіріп, өңірде ұн тарту өндірісінің зертханашылары жетіспейді деген мәселе көтерген. Ал нан пісіру өндірісі мамандарының тапшылығы мәселесін «Агро Даму» ЖШС құрылтайшысы, «Ертіс нан» нан зауытының директоры Мәдина Жақыпова қозғаған еді.

Бұл мәселелерді ескерген жергілікті технологиялық колледж басшылығы жуық арада оқу орнында жаңа мамандықтар — элеваторшы, ұн тартушы, жарма, құрама жем өндірісшілері, наубайханашылар оқытыла бастайтынын мәлімдеді.

Қазір «Ертіс Көмек» қорының көмегімен оқу процесіне қажетті жабдықтарды сатып алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жаңа мамандықтар қыркүйекте ашылады деп жоспарланған.

Бұған дейін агрокешенге бөлінген қаражаттан фермерлер қағылып отырғаны туралы мәселе көтергенбіз.