Павлодарда зергерлік дүкен қызметкері 1,7 кг астам алтынды ломбардқа өткізген

Фото: pixabay.com

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар қаласының тұрғыны, туған әпкесінің зергерлік салонында жұмыс істеген әйел құмар ойындарға әуестеніп, соған ақша табу үшін әшекей бұйымдарды алып, ломбардтарға өткізе бастаған, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімінде әйелдің 2017 жылы әпкесінің зергерлік салонына жұмысқа тұрғаны көрсетілген. Ол сатушы-кеңесші ретінде адал еңбек етіп, материалдық жауапты тұлға болған. 2023 жылға қарай қызметкер құмар ойындарға әуестене бастаған.

— 2022 жылдың қараша айының басында ол ұялы телефон арқылы «Номад казино» қосымшасында тіркеліп, слот ойындарын ойнай бастаған. Ойынға ақша қажет болғандықтан, осы кезде ол алтын бұйымдарды, атап айтқанда сақиналар, сырғалар мен тізбектерді ұрлау туралы шешім қабылдаған. Жұмыс орнында ол бұйымдардың биркаларын шешіп алып, кейін ломбардқа барып өткізген. Түскен қаражатты банк картасына аударып отырған. Одан әрі ол онлайн-казинода жүйелі түрде ойнап, ақшасын ұтылып қалып, жұмыс уақытында қайтадан алтын бұйымдарды ұрлауды жалғастырған, — делінген Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімінде.

Тергеу нұсқасы бойынша, павлодарлық әйел бірнеше ай бойы дүкеннен әшекейлерді ұрлап отырған, жалпы келтірілген шығын 164 млн теңгеге жеткен. Барлығы оның әпкесі түгендеу жүргізе бастағанда әшкере болған.

Сот іс материалдарын зерттеп, тараптарды тыңдай келе, әйелдің кінәсі дәлелденгенін анықтады. 37 жастағы павлодарлық әйел жалпы салмағы 1,7 килограмнан асатын әшекей бұйымдарды ұрлаған. Үкім бойынша оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, алайда жаза 2 жылға, ұлы 14 жасқа толғанға дейін кейінге шегерілді. Айта кетейік, зергерлік салон иесі қылмыстық процесте материалдық шығынды өндіруді талап етпеген.

Еске салайық, бұған дейін Павлодарда Қорғаныс істері департаментінің бұрынғы бастығына қатысты тексеру басталғанын жаздық.