Павлодарда жарыс кезінде спортшы қызды ұрып жіберген волейбол бапкеріне қылмыстық іс қозғалды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодарда волейболдан Қазақстан чемпионатының II туры кезінде жаттықтырушының жасөспірім қызға қол көтерген сәті видеоға түсіп қалды. Оқиғадан кейін Қазақстан ұлттық волейбол федерациясы жаттықтырушыны жарыстардан шеттету туралы шешім қабылдады.

Видеодан алынған кадр

Оқиға 2009 жылы туған және одан кіші жастағы қыздар арасында өтіп жатқан волейбол жарысы кезінде болған. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада Шымкент қаласының «Волейбол Кидс» жеке клубының жаттықтырушысы Хамит Мырзабековтің команда ойыншысына қол көтергені байқалады. 

Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, аталған команда Қазақстан чемпионатының II турына қала атынан қатысып жатыр.

— Аталған оқиғаға байланысты Қазақстан ұлттық волейбол федерациясы жаттықтырушыны шеттету туралы шешім қабылдады. Шеттету мерзімі мен өзге де қабылданған шаралар туралы толық ақпарат федерация тарапынан ресми түрде нақтыланатын болады, — делінген басқарма хабарламасында.

Ведомствоның хабарлауынша, Хамит Мырзабеков «Волейбол Кидс» жеке клубында шамамен алты-жеті ай жұмыс істеген. Қазіргі уақытта клуб өкілінің ресми мәліметіне сәйкес, ол қызметінен босатылған. Сондай-ақ жаттықтырушының Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты мемлекеттік спорт ұйымдарында жұмыс істемейтіні айтылған.
Ал Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, кәмелетке толмаған волейболшыға жаттықтырушының күш қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

— Оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталып, полиция бөліміне жеткізілген. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жаттықтырушының әрекетіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық баға беріледі. Тергеу барысы полиция басшылығының бақылауында, — деп хабарлады департаменттен.

Еске сала кетейік, Қызылордада жасөспірімді бапкердің зорлау ісі бойынша тың деректер белгілі болды.