Павлодарда жазғытұрым қауіп көзінде қалатын елді мекендерде дайындық қалай
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ауа райын болжаушылар Ертіс-Баян өңірінде келер жылдың ақпан және наурыз айлары әдеттегіден 2 градусқа жылы болады деп болжап отыр. Бұл жазғытұрым қардың күрт еруіне әкеліп, су тасқыны мезгілін күрделендіре түсуі ықтимал.
Павлодар облысында алдағы жылдың су тасқыны мезгіліне дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Елді мекендерді су басу қаупін барынша азайту мақсатында облыс әкімінің қаулысымен «Инженерлік жұмыстар жоспары» бекітілген.
— Жоспар аясында 30 шақырымға жуық қорғаныс және жол инфрақұрылым нысандары қалпына келтіріліп, нығайтылды. 29 су өткізу құбыры орнатылып, жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ елді мекендердегі арықтар мен су бұру арналары тазартылып, ретке келтірілді, — деп хабарлады өңірлік төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденов.
Мамандардың айтуынша, Баянауыл және Ақтоғай аудандарындағы елді мекендер ерекше бақылауда тұр.
Баянауыл ауданында су тасқыны қаупін төмендету мақсатында Жаңажол және Қ.Сәтбаев ауылдарында суармалы жүйелерді қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған жобалар арқылы 3,6 мың гектар аумақта 23 млн текше метрден астам суды қабылдап, реттеу мүмкіндігі пайда болады.
Ақтоғай ауданы Шолақсор ауылы маңында Сілеті өзенінің арнасын түзеу және тереңдету жұмыстары атқарылды. Жалаулы ауылында 200 млн текше метр көлемінде еріген қар суларын жинауға арналған 3 тоған қазылып, жер үйінділері жасалған.
Ал Ертіс өзенінің ойпаң тұстарында жергілікті атқарушы органдардың күшімен жалпы ұзындығы 63,8 шақырымды құрайтын топырақ үйінділері тұрғызылған.
Қазіргі уақытта Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, облыстың алдағы су тасқыны кезеңіне дайындығын бағалау мақсатында елді мекендерді аралап, тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
— Жазғытұрым кезеңде ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мақсатында департаментпен КамАЗ базасындағы 2 су сору автокөлігі, 5 Skoda Kodiak жедел-қызметтік автокөлігі, 1 Toyota Hilux базасындағы жедел әрекет ету автокөлігі, 6 аспалы қайық моторы, 2 үрлемелі қайық, 1 ұшқышсыз ұшу аппараты (дрон), 1 тентті жүк көлігі, 13 тасымалданатын мотопомпа, 1 тіркемелі мотопомпа сатып алынды. Барлық құтқару бөлімшелері су өткізбейтін арнайы қорғаныс костюмдерімен қамтамасыз етілді, — деп қосты департамент өкілі.
Ал «Қазгидромет» РМК Павлодар облыстық филиалының хабарлауынша, қазір аймақ бойынша орташа жауын-шашын мөлшері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 76%-ға көп (2024 жылы — 13 мм, 2025 жылы — 23 мм). Топырақтың қазіргі қату тереңдігі орта есеппен өткен жылмен салыстырғанда 33%-ға жоғары (2024 жылы — 6 см, 2025 жылы — 8 см).
— Қараша айы әдеттегіден жылы болып тұр. Облыс бойынша орташа ауа температурасы нормадан 1 градусқа жоғары (-5, -6°С), жауын-шашын мөлшері — нормаға жуық (16–23 мм). Желтоқсанда ауа температурасы нормадан ауытқымай, орташа тәуліктік температура -10, -14 градус болып сақталады. Қаңтардағы температура да норма шегінде болады. Тек ақпан мен наурыз айларында ауа температурасы нормадан 1–2°С жоғары болады деп болжанады, — деп мәлімдеді «Қазгидрометтің» жергілікті филиалынан.
Еске сала кетейік, Ақтөбеде су тасқыны қаупі бар аймақтарда қауіпсіздік шаралары күшейтілгені белгілі болды.