Дәрігерлердің айтуынша, тәулігіне 130-дан астам бала медициналық көмекке жүгінеді.
Аурухананың инфекциялық бөлімшесі 225 орынға шақталған. Қазіргі уақытта оның 206-сы бос емес. Балалар көбіне тұмау, жіті респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) және ларинготрахеит белгілерімен түседі.
Павлодар облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өңірде эпидемиологиялық маусым басталғалы бері ЖРВИ-дің 41 мың жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26 пайызға аз. Алайда науқастардың басым бөлігі – балалар. Атап айтқанда, 14 жасқа дейінгі балалар арасында 26 мың жағдай анықталған. Сондай-ақ бір жасқа толмаған 2 мың сәби ЖРВИ-мен ауырған.
Бұдан бөлек, облыста А тұмауының (H1N1) жеті жағдайы тіркелген. Оның төртеуі – балалар.
Еске сала кетейік, елде бір аптада 195 мыңнан астам ЖРВИ жағдайы тіркелді.