Павлодардағы Halyk Bank-ті тонады деген күдіктілер Ресейде ұсталды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Полицияның ақпаратынша, Павлодардағы банкті тонады деген күдікпен бірнеше азамат Ресей Федерациясы аумағында ұсталды. Олардың барлығы көрші елдің азаматтары.
Өңірлік полиция департаменті ұсталғандарға қатысты қазақстандық соттың шешімімен қамауға алу санкциясы қолданылғанын хабарлады.
— Халықаралық келісімдер аясында ҚР Ішкі істер министрлігі ресейлік әріптестерімен бірлесіп, тергеу-жедел тобын құрды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады, - деп атап өтті департаменттен.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың 10 қараша күні түнде Павлодарда банк бөлімшесінің қабырғасы ломмен бұзылып, тоналды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері банк бөлімшесінен қанша дүние ұрланғанын тергеу ғана айта алатынын мәлімдеген.
Артынша «Қазақстан Халық банкі» акционерлік қоғамының баспасөз қызметі Павлодар қаласындағы бөлімшесіне ұры түсу фактісі бойынша жүріп жатқан тергеу туралы пікір білдірген болатын.