Павлодардағы орман шаруашылықтарын техникамен қамтуға үш жылда 1,6 млрд теңге жұмсалған
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ертіс-Баян өңіріндегі орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту бүгінде негізгі мәселе болып тұр. Облыстық әкімдікке қарайтын орман құрылымдары өрт сөндіру көліктерімен толықтай қамтылған.
Павлодар облысындағы мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы - 478,7 мың гектар. Оның 275,5 мың гектары (57,5%) орманмен көмкерілген. Өңірдегі орман қорының сақталуына «Ертіс орманы» МОТР» РММ, «Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ және облыс әкімдігіне Павлодар, Үрлітүп, Максим-Горький орман мекемелері, сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның жергілікті филиалдары жауапты. Орманда негізінен қарағай, қайың, қарағаш, көктерек, терек өседі.
«Соңғы 3 жылда өңірдегі орман мекемелері үшін облыстық бюджеттен шамамен 1,6 миллиард теңге қаржы бөлінді. Оған 5 өрт автоцистернасы, 8 трактор, 10 шағын орман өрт кешені, 33 мотоцикл, 16 ағаш отырғызу машинасы, 11 соқа, 4 дискілі тырма, 101 рация сатып алынды. Биыл 4 өрт сөндіру автоцистернасы жеткізілді. Осылайша, орман шаруашылығын өрт сөндіру машиналарымен жарақтандыру мәселесі толығымен шешіліп, бұл көрсеткіш үш өңірлік мекемеде 100%ды құрады. Яғни 3 мекемеде 15 бірлік техника бар», - деп хабарлады Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасынан.
Жыл соңына дейін орман күзеті үшін патрульдік техника, әкімшілік істерді жүргізуге арналған планшеттер сатып алу, сондай-ақ орман шаруашылықтарының радиобайланысы мен ұйымдастыру техникасын жаңарту жоспарланып отыр.
Еске сала кетейік, соңғы 21 жылда «Ертіс орманы» резерваты орманшыларының еңбегі нәтижесінде жанып кеткен ағаштардың 45 мың гектардан астамы қайта қалпына келтірілгені туралы жазған едік.