Павлодардағы сынақ кезінде желілерде 57 ақау анықталып, қаланың бір бөлігі ыстық сусыз қалды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Облыс орталығының басым бөлігі жүргізіліп жатқан гидравликалық сынақтарға байланысты қазіргі уақытта ыстық судан ажыратылған. Қала әкімдігі су беру біртіндеп қалпына келтірілетінін хабарлады.

Фото: Алматы әкімдігі

Павлодар қаласында гидравликалық сынақтар 3 тамыздан бастап солтүстік желілік ауданда басталған. Осы кезеңнен бастап шаһардағы көпқабатты үйлер кезең-кезеңімен ыстық судан ажыратылды. Ал 7 тамыздан бастап мамандар оңтүстік желілік аудандағы желілердің беріктігін тексеруге кірісті.

Қала әкімдігінің мәліметінше, солтүстік аумақ бойынша сынақтар аяқталып, 57 ақау анықталған. Жарық шыққан құбырларға қатысы жоқ, яғни бүтін желілерге жалғанған үйлерге жуықта су қайта беріледі.

— Оңтүстік желілік ауданда гидравликалық сынақтар жалғасады, олар 12 тамызға дейін созылады. Бұл жұмыстар аяқталған соң тұтынушыларды ыстық суға кезең-кезеңімен қосу басталады. Атқарылып жатқан жұмыстар алдағы жылыту маусымында тұрғындарды сапалы әрі сенімді жылумен қамтамасыз етуге бағытталған, — деп хабарлады Павлодар қалалық әкімдігінен.

Қазіргі уақытта қанша көпқабатты үйдің ыстық сусыз отырғанын әкімдік нақты айта алмайды. Тізімдер жаңартылып жатыр, ал қосылудың толық кестесі кейінірек жарияланады.

Еске сала кетейік, елімізде 1,9 мың шақырым су құбыры жаңартылатыны анықталды.