Атмосфераға шығарылатын эмиссиялардың ең үлкен үлесі Павлодар облысындағы ірі кәсіпорындарға тиесілі. Олар ауаны ластайтын шығарындылардың шамамен 95%-ын қалыптастырады.
— Ауаға шығарылатын ластаушы заттардың жалпы көлемі облыстың үш қаласында орналасқан өнеркәсіптік кәсіпорындар есебінен қалыптасады. Атап айтқанда, нақты шығарындылардың шамамен 45%-ы Екібастұз қаласына, 26%-ы Ақсу қаласына және 24%-ы Павлодар қаласына тиесілі. Облыстың өзге аудандары шығарындылардың 5%-ын ғана береді, — деп хабарлады Kazinform тілшісіне өңірлік экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков.
2025 жылы облыс бойынша шығарындылар лимиті 901,54 мың тонна болса, оның ішінде Павлодар қаласы — 225,29 мың тонна, Екібастұз қаласы — 386,85 мың тонна, Ақсу қаласы 278,6 мың тонна ластаушы заттар шығарған. Ал 2024 жылы мұндай шығарындылар лимиті 926,2 мың болған. Шығарындылар лимитінің бір жылда 24,6 мың тоннаға төмендеуі кәсіпорындардың экологиялық жобаларды белсене іске асыруына байланысты болып отыр.
— Облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындары шығаратын ластаушы заттардың нақты көлемі ұзақ жыл 700 мың тоннадан асып келгені мәлім. Дейтұрғанмен талдау жалпы эмиссиялар көлемінің төмендеу үрдісін байқатып отыр. Соңғы бес жылдағы шығарындылар динамикасы келесідей: 2021 жылы — 730,2 мың тонна, 2022 жылы — 726,5 мың тонна, 2023 жылы — 703,97 мың тонна, 2024 жылы — 697,47 мың тонна, 2025 жылы — 669,9 мың тонна. Осылайша, бес жыл ішінде нақты шығарындылар көлемі 60,3 мың тоннаға немесе 8%-ға төмендеді, — деп қосты департамент басшысы.
Ал «Қазгидромет» РМК мемлекеттік экологиялық мониторингінің деректеріне сүйенсек, Павлодар облысындағы, соның ішінде Павлодар қаласының атмосфералық ауасының сапасы атмосфераның ластану индексі (АЛИ) бойынша төмен деңгейде деп бағаланады. 2021 жылдан бері бұл көрсеткіш АЛИ-3 деңгейінен көтеріліп көрмеген.
Еске сала кетейік, Қазақстанда 2027 жылдан бастап автожолдардың экологиялық қауіпсіздігіне бірыңғай талап енгізіледі.