Павлодардың төрт ауданында тұрмыстық қалдыққа арналған полигондар салынады

Фото: видеодан алынған скрин

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Әр қоқыс полигонының құны 1 млрд теңгеден асып кетуі мүмкін. Тиісті қаражат бөлінсе, Ертіс, Тереңкөл, Баянауыл және Майқайың елді мекендерінде құрылыстар басталады.

Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Сағын Төлеутаевтың айтуынша, қазіргі уақытта облыс бойынша небәрі 3 тұрмыстық қалдықтар полигоны экологиялық нормативтерге сәйкес келеді.

— Адам саны көп ірі елді мекендерде заманға сай қоқыс полигондарын салу жоспарланып отыр. Бір жобаны іске асырудың орташа құны шамамен 1 млрд теңгеден асады. Оған шұңқыр, қоқыс сұрыптау желісі және басқа да қымбат элементтер кіреді. Өкінішке қарай, барлық талаптарға сай полигондарды әрбір ауылдық елді мекенде салу өте қымбат және тиімсіз болады. Сондықтан бүгінде біз заңнамалық деңгейде ауылдардағы полигондарға қойылатын талаптарды жеңілдетуді сұрап отырмыз. Алғашқы төрт жоба іске асқан соң өзге де аудандармен де айналысамыз, — дейді ол.

Бұдан бөлек, «Жасыл Даму» АҚ бағдарламасы аясында коммуналдық қалдықтарды басқару саласында тағы төрт жобаны қаржыландыру жоспарланған. Атап айтқанда, Павлодарда қоқыс өңдеу кешенін салу, пластикалық жұқа қабырғалы қатты қалдықтарды өңдеуге арналған жабдықтарды сатып алу, целлюлозадан және қайта өңделген макулатурадан қағаз, картон өндіретін зауыт салу, сондай-ақ пайдаланылған аккумуляторлық батареяларды жинау, сақтау, тасымалдау және өңдеу жобалары. Бұлардың барлығы әзірше қағаз жүзінде.

Еске сала кетейік, Павлодар облысында рұқсат етілмеген жерге қоқыс тасталғаны үшін 12 әкім жазаланды.