Ертіс-Баян өңірінде күн суытып, көпшілік қысқы отынын қамдай бастады. Жалпы қазіргі уақытқа дейін 342 мың тонна қатты отын жеткізілген. Бұл — алдағы қыста қажет отынның 59 пайызы. Теміржол тұйықтарында жалпы көлемі 46,1 мың тонна көмір сақталып тұр.
— Әлеуметтік сала нысандары және облыс халқын қатты отынмен қамтамасыз ету үшін елді мекендерге 342 мың тонна қатты отын жеткізілді. Облыс аумағындағы теміржол тұйықтарында 46,1 мың тонна, Павлодар қаласында 35 мың тонна көмір бар. Ал өңірдегі әлеуметтік мекемелер мен жеке секторлар үшін алдағы қысқа 536 мың тонна отын қажет, - деп хабарлады Kazinform тілшісіне Павлодар облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының баспасөз қызметінен.
Бұған дейін Павлодар облысындағы көмір бағасы өткен жылдың деңгейінде сақталып тұрған жазғанбыз.
Өңірде көмір өндіретін 6 кеніш бар. Атап айтқанда, «Богатырь-Көмір» ЖШС, «Майкубен-Вест» ЖШС, «Гамма Талдыкөл» ЖШС, «Гамма Сарыкөл» ЖШС, «Ангренсор Энерго» ЖШС, «Шығыс кеніші» ЖШС. Халық негізінен жергілікті кеніштер арасында «Майкөбе» кенішінің көмірін құп көретіні жасырын емес. Аталған компанияда бүгінде көмірдің бір тоннасы 8,3 мың теңгеден босатылып жатыр. Ал «Богатыр» кенішінде тоннасы 4,2 мың теңге тұрады. Облыс бойынша, соның ішінде Павлодар қаласында көмір сатылатын теміржол тұйықтары бар. Бүгінгі таңда облыста көмір жеткізумен 10 ірі көмір операторы айналысады.