Павлодарлық өзінің пәтерін өзі тонаған болып шықты

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Букмекерлік кеңседе екі күннің ішінде 7 млн теңге ұтылған Павлодар тұрғыны өз пәтерінің тоналғанын ойдан шығарып, полиция шақырған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Павлодар облыстық ішкі істер департаментіне сілтеме жасап.

Полицияға ер адам хабарласып, үйінен ақшасының ұрланғанын хабарлаған. Полицейлер үйді қарап шығып, ұрлықтың ізін таппады. Алайда бөлмелердің іші шашылып, шкафтардың есіктері ашық болған және жиһаздар ығыстырылған. Үй иесінің айтуынша, ақшадан басқа ештеңе ұрланбаған. Тергеушілер көршілерден сұрастырып, үйдің маңындағы ғимараттардың видеобақылау камераларын тексерген. Бұл іс ҚР ҚК 188-бабы «Ұрлық жасау» бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тіркеліміне енгізілді.

43 жастағы үй иесі пәтерінде ешкім болмаған кезде, белгісіз біреулер ақшасын - жеті жарым миллион теңгесін ұрлағанын хабарлаған. Бірақ полицейлер істі ары қарай тексеріп, ер адамның 15 жылдан бері құмар ойындарға әуес екенін анықтаған.

Ол «ұрлық жасалғаннан» бір күн бұрын букмекерлік кеңселердің бірінде үш жарым миллион, ал үйі тоналған күні 12 мың доллар ұтылып қалған.

Оның барлығы букмекерлік кеңселердегі видеокамералардағы таспасына жазылған. Ер адам көрсетілген дәлелдерден кейін, жалған шағым түсіргенін мойындады. Ол бұл әрекеті арқылы  өзінің ұтылып қалғанын туыстарынан жасырмақ болған.

Оған қатысты ҚР ҚК 419-бабы «Көрiнеу жалған сөз жеткiзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.