Педофилді ұстаған полицей: Бар ойым - қылмыскерден айырылып қалмау болды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда өмірін қатерге тігіп, кәмелет жасына толмаған қызды зорлаған күдіктіні ұстау үшін 13 қабаттан секірген полиция қызметкері Бақытжан Бәкіровтің ерлігіне көпшілік тәнті болды. ҚазАқпарат тілшісі оның өзінен оқиға қалай болғаны туралы әңгімелеп беруін сұрады.

– Бақытжан қай өңірде дүниеге келдіңіз?

– Мен 1983 жылы 17 шілде күні Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай қаласында дүниеге келдім. Отбасындағы үш баланың үлкенімін. Өзімнен кейін қарындасым және інім бар. Әкем Ануарбек Бәкіров мақта зауытында инженер болып жұмыс істейді. Анам үй шаруасындағы кісі.

– Бұл мамандықты таңдауға не түрткі болды ?

– Кішкентай кезімнен қылмыскерлермен күресуді армандайтынмын. Оған бірден-бір себеп фильмдер. Сол кезде полицейлердің, тергеушілердің жұмысы туралы киноларды жиі көрсететін. Соны тапжылмай отырып көретін едім. Бәлкім сол түрткі болған болар. Өсе келе полиция мамандығына деген қызығушылығым арта түсті. Сөйтіп арман қуып Алматыға келдім.

– Өзіңіз армандаған оқу орнына түсе алдыңыз ба?

– Иә. Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түстім. Грантқа іліге алмадым. Ақылы бөлімінде білім алдым. 2000 жылы түсіп, 2005 жылы тәмамдадым. Оқуымды бітірген соң бір жылдай өз мамандығым бойынша жұмыс таба алмадым. Құрылыста істедім. 2006 жылы елордада полиция қызметкерлеріне арналған байқау жарияланғанын естіп, бағымды сынап көргім келді. Нұр-Сұлтанға келіп сол байқауға құжат тапсырып, бағыма қарай «40-шы станциясада» орналасқан ІІМ академиясының алғашқы даярлық оқуын 3 ай оқыдым. Осы уақыт аралығында біраз тәжірибе жинақтадым.

– Еңбек жолыңызды қайда бастадыңыз?

– 2006 жылы Алматы қаласы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі қызметіне орналастым. Еңбек жолым осы жерде басталды. Содан бері 14 жыл болды осы қызметтемін.

–Өміріңізді қатерге тігіп, аса қауіпті қылмыскерді ұстау үшін 13-ші қабаттан секіргенде бойыңызды ешқандай қорқыныш билемеді ме?

– Ол кезде мен өмірімді ойламадым. Мақсатым– қылмыскерден айырылып қалмау, бұйрықты бұлжытпай орындау болды. Бізге 11 шілдеде күні белгісіз адамның Алматының Түрксіб ауданына қарасты аумақта үй тонап, 15 жастағы қызды зорлап кеткені туралы хабар келіп түсті. Жедел уәкілдерінен екі топ құрылды. Соның ішінде мен де бармын.

– Күдіктіні неше күнде қолға түсірдіңіздер?

– Күдіктіні төрт күн іздестірдік. Кейін оның пәтер жалдап, тығылып жатқанын анықтадық. Бірден оны ұстау жоспарына кірістік. Мен және әріптесім жалданған пәтер иесімен бірге 13-ші қабатқа көтерілдік. Қылмыскерді ұстау үшін сантехниктің киімін киіп алдық. Оның қосалқы кілті болды. Әйел оны шақырып «құбырдан су ағып жатқанын айтты, жөндеуге сантехниктер келді» деді. Ол дәлізге шықты, мен оған қарай ұмтылдым. Ол бөлменің біріне қашып кіріп, ашық тұрған терезеден секіріп кетті. Бұл секундта әдетте ештеңе ойламайсың, ең бастысы - қуып жету. Сондықтан мен оның артынан секірдім. 11-қабатта терасса бар, сол жерге құладық. Құлаған кезде аяғымның сынғанын бірден сездім. Себебі «сырт» еткен дыбыс шықты. Қылмыскер қашу әрекетін жалғастырмақ болды. Бар күш-жігерімді салып, оны уыстан шығармауға тырыстым. Серіктесім келгенше күттім. Екінші топ үйді қоршап тұрған еді. Олар үстіне көтеріліп келгенше, педофилді жібермей отырдық.

– Қазір денсаулығыңыз қалай?

– Сол аяғыма үш рет операция жасалды. Қазір шүкір жақсымын. Жұмысыма оралдым.

– Сіздің ерлігіңіз еленіп, ҚР Президентінің Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталдыңыз, қандай сезімде болдыңыз?

– «Айбын» орденін алған кезде керемет сезімде болдым. Кез келген адам мақтау, марапатқа ұсынылса қуанышқа кенеледі ғой. Мен де қатты қуандым. Сондай-ақ, бұл марапат маған үлкен жауапкершілік жүктеді.

– Полиция болу үшін адамның бойында қандай қасиеттер болу керек деп ойлайсыз?

– Ең алдымен, төзімді және антқа адал болу керек. Қызметке орналасқанда біз ант қабылдаймыз. Онда азаматтарды қорғау біздің жұмысымыз екені көрсетілген. Әр ер азаматтың бойында жігер, намыс болады. Еліміз бен халқымыздың тыныштығы үшін еңбек етуіміз керек. Ең үлкен үлкен мәртебе осы деп ойлаймын.

– Өзіңіздің отбасыңыз жайында айтып өтсеңіз?

– Көпбалалы әкемін. Жарым Мақпал екеуміз 6 бала тәрбилеп отырмыз. 4 ұл, екі қызым бар. Үлкені 10 жаста, кішкентайы қазір 8 айлық.

– Сұхбатыңызға рахмет!