Қақтығыс басталған 28 ақпаннан 30 маусымға дейін «Epic Fury» операциясына, бағалаулар бойынша, 33,4 млрд доллар жұмсалған. Оның 22,3 млрд доллары тек оқ-дәріге кеткен.
Конгреске ұсынылған баяндамада қақтығыс барысында қару-жарақтың кең көлемде қолданылуы «стратегиялық деңгейде қорлардың азаюына» әкелгені және АҚШ қорғаныс өнеркәсібінің арсеналдарды толықтыру мүмкіндігінде проблемалар барын көрсеткені айтылған. Сарапшылардың бағалауынша, жоғары дәлдіктегі зымырандар мен қорғаныс жүйелерінің тосқауылдаушы зымыран қорын соғысқа дейінгі деңгейге дейін қалпына келтіруге шамамен үш жыл қажет болуы мүмкін.
Баяндамаға қатысты пікір білдірген АҚШ президенті Дональд Трамп армиядағы оқ-дәрі қоры «іс жүзінде шексіз» екенін және қару-жарақ өндірісі рекордтық деңгейге жеткенін мәлімдеді.
Дүйсенбі күні Трамп өзінің Truth Social платформасындағы жазбасында АҚШ «тарихымызда бұрын-соңды болмаған аса жетілдірілген әрі таңдаулы қару-жарақ» өндіріп жатқанын айтты.
Бас инспектордың баяндамасында Иранның соққылары салдарынан америкалық әскери базаларда айтарлықтай қирау болғаны да тіркелген. Кувейт, Бахрейн, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Ирак, Оман және Иорданиядағы базаларда жүздеген ғимарат пен басқа да нысан зақымданған немесе қираған.
Бұл нысандарды жөндеу немесе қалпына келтіру құны 33,4 млрд долларлық бағалауға кірмейді. АҚШ билігі әзірге зақымданған нысандардың барлығын қалпына келтіру-қалпына келтірмеу және бұл жұмыстардың шығынын кім өтейтіні туралы шешім қабылдаған жоқ.
Бұған дейін Тегеран АҚШ президентінің жаңа мәлімдемелері аясында Вашингтонмен диалогты қайта бастау мүмкіндігіне қатысты ұстанымын білдірген.