Перизат Қайрат 10 жылға, анасы 7 жылға сотталды
АСТАНА. KAZINFORM – Елорда соты «Biz birgemiz» қайырымдылық қорының бұрынғы жетекшісі Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға үкім шығарды.
— Перизат Қайратты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын, сондай-ақ 10 жыл мерзімге қайырымдылық қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, мүлкін тәркілеу түріндегі қосымша жаза тағайындалды. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 58-бабының 3-бөлігі негізінде бірнеше қылмыс жасау жиынтығы бойынша жазаны ішінара қосу жолымен түпкілікті 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, — деді Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Сабыржан Кәрімов.
Перизат Қайрат жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде өтейді.
Одан әрі судья сотталушының анасы Ғайни Алашбаеваға үкім шығарды.
— Анасын Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын, сондай-ақ 10 жыл мерзімге қайырымдылық қызметпен айналысу құқығынан айыру және мүлкін тәркілеу түріндегі қосымша жаза тағайындалсын. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 58-бабының 3-бөлігіне сәйкес бірнеше қылмыс жасау жиынтығы бойынша жазаны ішінара қосу жолымен Ғайни Алашбаеваға түпкілікті жаза ретінде 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, 10 жыл мерзімге қайырымдылық қызметпен айналысу құқығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалсын, — деді судья.
Перизат Қайраттың анасы да жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде өтейді.
Айта кетсек, прокурор Перизат Қайратты 10 жыл, анасын 8 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған еді.
Еске салайық, Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаевадан жауап алу жабық режимде өтті.
Атышулы іске қатысты Үкімет басшысы Олжас Бектенов пікір білдіріп, «Перизат Қайрат ісі — заңнамалық өзгерістер үшін мүмкіндік» деген еді.
Перизат Қайрат пен анасына тағылған айыптар туралы сілтемеге өтіп танысуға болады.