Перу билігі Мексикамен дипломатиялық қарым-қатынасын үзгенін жариялады

Фото: Agencias

АСТАНА.KAZINFORM - Перу Үкіметі Мексикамен дипломатиялық қарым-қатынасын тоқтату туралы шешім қабылдады. Өйткені бұған дейін көтеріліс ұйымдастырды деп айыпталған Оңтүстік Америка Республикасының бұрынғы премьер-министрі Бетси Чавес оның Лимадағы елшілігінен пана тапқан, деп хабарлайды ТАСС.

— Біз экс-президент Педро Кастильо жасауға тырысқан мемлекеттік төңкерістің серіктесі болуы мүмкін деп айыпталған экс-премьер Бетси Чавестің Мексиканың Перудегі елшілігінен баспана алғанын аса өкінішпен қабылдадық. Бұл достық әрекет емес, соны ескере отырып және Мексиканың қазіргі және бұрынғы президенттерінің елдің ішкі істеріне бірнеше рет араласуын ескере отырып, Перу үкіметі Мексикамен дипломатиялық қарым-қатынасты үзу туралы шешім қабылдады, - деді Перу сыртқы істер министрі Уго де Села баспасөз мәслихатында.

Ол сондай-ақ Перу билігі Мексикадағы азаматтарына консулдық қызмет көрсету жалғаса беретінін нақтылады. Лима әзірге Чавестің мәртебесі туралы Мехико қаласынан ешқандай хабарлама алған жоқ.

2022 жылдың 7 желтоқсанында Перудің сол кездегі президенті Кастильо Конгресті (бір палаталы парламент) таратып, коменданттық сағат енгізетінін жариялады. Ол бұл мәлімдемесін сыбайлас жемқорлық айыптаулары бойынша импичмент жариялауды қарастырып жатқан парламент сессиясы басталмас бұрын жасады. Парламент мүшелері дауыс беруді тоқтатпады және президентті қызметінен босатуды мақұлдады. Қарулы күштер мен полиция да конгресті қолдады.

Кастильо көтеріліс ұйымдастырды деген айыппен қамауға алынды. Сол кездегі премьер-министр Чавес те бұл іске қатысы бар деп танылды. 2025 жылдың қыркүйегінде сот оған сот процесінің нәтижесін бостандықта күтуге рұқсат берді.

Бұған дейін Перу билігінің наразылық шаралары аясында төтенше жағдай жариялауға шешім қабылдағанын хабарлаған едік.