Перулік отбасы ұлына Димаштың есімін берген

АСТАНА. KAZINFORM — Перудің астанасы Лима қаласының әуежайында қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенді қарсы алуға келгендердің арасында оның есімі берілген кішкентай бала да болды.

Коллаж: Kazinform

Анасы ұлын ертіп, өнер иесін күтіп алған. Баланың әншіге арнап плакат ұстаған сәті түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады.

Видеоны әншінің жанкүйері Шолпан Табаева Instagram-дағы парақшасында жариялады.

Оның айтуынша, ел ішінде Димаштың әлемдік деңгейдегі жетістігін кездейсоқ сәттілікпен байланыстыратындар болғанымен, алыстағы Перуде қазақстандық әншінің құрметіне балаға есімі берілген.

Жазба авторының сөзінше, Лима әуежайында Димашты қарсы алуға жүздеген адам жиналған. 

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Перудегі концерті қарсаңында жергілікті Peru 21 басылымына сұхбат берген еді. Әнші дауысын қалай күтетінін, жаңа шоуға қанша уақыт дайындалғанын және жанкүйерлерінің өміріндегі орны туралы айтты.