Димаш Құдайберген дауысын күту үшін ащы тағамнан да бас тартады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Перудегі концерті қарсаңында жергілікті Peru 21 басылымына сұхбат берді. Әлемдік турнесі аясында 1 желтоқсанда Лимадағы Costa 21 сахнасында өнер көрсететін әнші дауысын қалай күтетінін, жаңа шоуға қанша уақыт дайындалғанын және жанкүйерлерінің өміріндегі орны туралы айтты. Бұл туралы әншінің жеке сайты хабарлады.
Дауысын қалай күтеді?
Сұхбат кезінде Димаштан ерекше дауысын сақтау үшін қандай тағамдардан бас тартатыны және концерт алдында нені ескеретіні сұралды.
Әншінің айтуынша, ол ащы тағамды жақсы көргенімен, концерт болатын күні оны жемейді. Сонымен қатар тәтті шырындардан, газдалған және салқын сусындардан бас тартады. Өнер көрсететін күні артық тамақтанбауға және көп сөйлеспеуге тырысады.
Димаш мұның бәрі сахнаға бар күшін жұмсау үшін қажет екенін айтты.
Жаңа шоуға бір жылдан астам дайындалған
Әнші DIMENSIONS турнесінің жаңа бағдарламасын әзірлеуге көп уақыт кеткенін айтты. Ұйымдастыру және басқару жұмыстары шамамен бір жылға созылса, музыкалық аранжировка мен сахналық қойылымды дайындауға жарты жылдан астам уақыт жұмсалған.
Бұл жолы команда тек музыкаға емес, ауқымды визуалды көріністерге де ерекше көңіл бөлген.
— Командамның арқасында концерт өте жоғары деңгейде өтеді. Олар керемет жұмыс атқарды, мен оларды мақтан тұтамын. Осындай жобаны бірге жүзеге асыру мен үшін үлкен мәртебе. Енді кезек менікі. Барымды салуым керек, — деді әнші.
«Жанкүйерлерім болмаса, мен жай ғана Қазақстаннан шыққан адаммын»
Сұхбаттың ең әсерлі тұстарының бірі Димаштың жанкүйерлеріне деген ықыласы болды. Әнші әлемнің түкпір-түкпіріндегі тыңдармандарына алғыс айтып, шығармашылық жолындағы жетістіктерін солардың қолдауымен байланыстырды.
— Мен жанкүйерлеріме шексіз алғысымды білдіргім келеді. Қайталап айтудан жалықпаймын: менің жұмыс істеуіме мүмкіндік беріп отырған — тыңдармандарым. Олар болмаса, менде ештеңе де жоқ. Егер олар сені қолдамаса, онда кім үшін ән айтасың? Өмірімдегі барлық жақсылық пен мансабымның дамуы жанкүйерлерімнің қолдауының арқасында мүмкін болды. Оларсыз мен жай ғана Қазақстаннан шыққан адаммын, ал олармен бірге — әншімін, — деді Димаш.
Сондай-ақ ол шетелдегі концерттерінде мыңдаған адамның қазақ тілінде ән шырқайтынын естігенде ерекше сезімге бөленетінін жасырмады. Әншінің сөзінше, бала кезінен осындай сәттерді армандаған. Қазір Еуропа, Азия мен Америкада 20-30 мың көрерменнің алдында өнер көрсетіп, олардың өз ана тіліндегі әндерін бірге орындауы оған әлі де ғажайып көрінеді.
Лимадағы концертте қандай жаңалық болады?
Димаш Перудегі жанкүйерлерімен кездесуді асыға күтіп жүргенін айтты. Лимаға Польшадағы премьерадан кейін жаңартылған бағдарлама ұсынылады. Шоу жалпы құрылымы жағынан бірдей болғанымен, кейбір әндер өзгеріп, жаңа композициялар қосылуы мүмкін.
Әнші концерттен кейін Перудің ащы тағамдарынан да дәм татуға ниетті екенін әзілмен жеткізді. Өйткені концерт күні дауысын сақтау үшін сүйікті тағамынан бас тартуға мәжбүр.
Еске салайық, бұған дейін Димаш Құдайбергеннің Чили астанасы Сантьягодағы алғашқы жеке концерті аншлагпен өткенін жазған едік.