Қазақстанда ПЭТ/КТ зерттеулерін күту уақыты 3–12 айдан 14 күнге дейін қысқарды

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылдың бірінші тоқсанында ПЭТ/КТ зерттеулеріне пациенттерді жазу бойынша Бірыңғай республикалық үйлестіру орталығы (БРҮО) 18 мыңнан астам қоңырау қабылдады.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының хабарлауынша, осы кезеңде 13,9 мыңнан астам зерттеуге жолдама берілді. 

БРҮО жоғары технологиялық диагностикалық қызметтерге тең және қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Орталық іске қосылғаннан бері зерттеулерді күту уақыты 3–12 айдан 14 күнге дейін қысқарды. Бұл орталық қызметіне деген сұраныстың жоғары екенін және үйлестіру жүйесінің тиімділігін көрсетеді.

Орталық жұмысы «бір терезе» қағидаты бойынша ұйымдастырылған. Мамандар электрондық кезекті басқарады, жабдықтардың жүктемесін бақылайды және Қазақстандағы медициналық ұйымдардың өзара әрекетін үйлестіреді. Бұл тәсіл процестердің ашықтығын арттырып, пациенттерге тұратын өңіріне қарамастан тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Жүйеге медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдары, онкологиялық орталықтар және ПЭТ/КТ зерттеулерін жүргізетін 12 медициналық ұйым қосылған.

Бір операторға орташа есеппен күніне 150 қоңырау түседі, бұл орталықтың жұмыс көлемі мен қарқындылығын көрсетеді.

ПЭТ/КТ зерттеулері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіреді. Жолдама болған жағдайда зерттеу пациенттерге ақысыз жүргізіледі.

ПЭТ/КТ – ауру үдерістерін молекулалық деңгейде анықтауға, аурудың таралуын бағалауға және емнің тиімділігін қадағалауға мүмкіндік беретін заманауи диагностикалық әдіс. Бұл технология онкологиялық науқастар үшін маңызды, себебі уақтылы диагностика терапия нәтижесіне әсер етеді.

Айта кетейік, бұған дейін онкологияны ерте кезеңде анықтау 35 пайызға дейін өскенін жазған едік.