Петропавл қыста жылусыз қалмауы үшін не істелді

АСТАНА. KAZINFORM — Петропавл ЖЭО-2 төрт қазандық пен бір турбоагрегатқа күрделі жөндеу жүргізілді, деп хабарлайды Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: Энергетика министрлігі

Энергетика министрлігі жылыту маусымының өтуіне, жөндеу жұмыстарының уақтылы жүргізілуіне және энергетикалық инфрақұрылымды жүйелі жаңғыртуға ерекше назар аударып келеді.

Биыл еліміздің электр станцияларында 9 энергия блогын, 55 қазандық пен 51 турбинаны күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.

— «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ-ның Петропавл ЖЭО-2 станциясында қысқы жүктеме кезеңінде қаланы жылумен және электр энергиясымен сенімді қамтамасыз етуге бағытталған жазғы жөндеу науқанының негізгі кезеңі аяқталды. Станцияда төрт қазандық пен бір турбоагрегатқа күрделі жөндеу жүргізілді. Жақын уақытта тағы бір қазандық агрегатын күрделі жөндеу аяқталады деп жоспарлануда. Осылайша, жылыту маусымының басында 10 қазандық агрегаты мен 7 турбоагрегат жұмыс істеп тұр. Бұл еліміздің солтүстік өңірлеріне тән төмен температура жағдайында жылу және электр энергиясын тұрақты өндіруге мүмкіндік береді, — дейді мамандар.

Фото: Энергетика министрлігі

Сонымен қатар станцияда тұтынушыларға энергия беруге әсер етпейтін жоспарлы жөндеу жұмыстары жалғасады. ЖЭО-2 жабдықтарын жаңғырту алдағы жылдары да жалғасады. 2028 жылы № 4 қазандық агрегатын реконструкциялау басталады деп жоспарланған. Осы кезеңде № 2 қазандық агрегатының өнімділігі сағатына 220 тоннадан 240 тоннаға дейін ұлғайтылып, пайдалануға беріледі. Ал 2029 жылдан бастап № 3 турбоагрегатты реконструкциялау көзделіп отыр. 

Станцияны жаңартудың маңызды бағыттарының бірі — түтін мұржаларын жаңғырту. 2024 жылы № 1 жаңа түтін мұржасының құрылысы аяқталып, ол пайдалануға берілді және қажетті технологиялық жүктемені қамтамасыз етіп отыр.

Қазіргі уақытта № 3 түтін мұржасын реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оны 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымында аралық кезеңде пайдалануға беру жоспарланған.

Бұған дейін Петропавлда 5,4 шақырым жылу желісі жаңартылғанын жазғанбыз.