Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 23 тамыз күні Петропавлдағы ескі саябақтың аумағында шөп шауып жүрген жұмысшы жерде жатқан гранатаға ұқсас затты көрген. Ол бұл жайында сол маңдағы модульді бекетте кезекшілік атқарып, аумақты тексеруге шыққан патрульді полиция батальонының қызметкеріне айтқан. Инспектор оқиға туралы «102» нөміріне хабар беріп, жарылғыш зат болуы мүмкін аймақты күзетуге алды.
Бірер минутта арнайы мамандар жетіп, қауіпті болуы мүмкін затты тексерді. Нәтижесінде оның «УЗРГМ» типті оқыту гранатасы екендігі анықталды. Мұндай оқу құралы алғашқы әскери дайындық пәнінде қолданылады және еш қауіп төндірмейді.
Тәртіп сақшылары күдік тудырған зат табылған жағдайда оны ұстауға, орнынан қозғауға болмайтынын еске салады. Оның қауіпсіз екендігін тек мамандар ғана айта алады, сондықтан алдын ала өздігінен шешім шығармаған жөн. Мұндайда бірден полицияға хабарлап, мамандардың келгенін күткен жөн.
Бұған дейін белгісіз біреудің Петропавлдағы соттардың ғимаратына жарылғыш зат қойылғандығы туралы хабарлағанын айтқан едік.
Бұл қалалық №2 және мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының жұмысын бір сағатқа тежеді, кей сот отырыстарын кейінге қалдыруға тура келді. Ғимаратты тексеру кезінде жарылғыш зат табылмады.