Петропавл тұрғындары суға қарыздан өсімпұлсыз құтыла алады

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда сумен қамтушы компания тұтынушылар арасында акция өткізіп жатыр. Оған абоненттердің қордаланған қарызы себеп болған. Берешегі барлар 28 ақпанға дейін коммуналдық ақыны өсімпұлсыз төлей алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қызылжар Су» ЖШС-нің акциясы «Қарызды өсімпұлсыз жап» деп аталады. Осылайша, сумен қамтушы компания тұрғындарға қордаланған қарызынан құтылуға мүмкіндік беріп отыр. Ал, жұрттың пайдаланған су үшін берешегі аз емес – 31 млн 186 мың. Бұл – 93 мыңға жуық абоненттің қарызы.

Акция өткен жылдың соңында басталған, осы айдың 28-і күні аяқталмақ. Сондықтан да, кәсіпорын іс-шараның талаптары жайында тағы бір мәрте тұрғындардың есіне салды.

«Өсімпұлсыз құтылу үшін акция аясында негізгі қарызды толық жабу керек. Кейін, жиналған өсімпұлды есептен шығару үшін «Қызылжар Су» ЖШС-не келіп, өтініш жазу керек», - делінген хабарламада.

Ал, берешек қайтарылған жағдайда, ол қаржы кәсіпорынды жаңғырту жұмыстарына жұмсалмақ.

Бұған дейін «Петропавл Су» ЖШС қарызды қайтару үшін борышкерлерге қатаң жаза қолданып жатқанын айтқан едік. Мәселен, петропавлдық отбасының тұтынған су үшін қарызы 800 мың теңгеге жеткен. Кәсіпорын мамандары оның пәтеріне кәріздік бітеуіш қойып кетті.