Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
«Солтүстік Қазақстан облысы ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері арнайы операция жүргізу кезінде Петропавл қаласында 25 жастағы қала тұрғынынан салмағы 6,5 келіден асатын гашиш тәркіледі. Қазіргі уақытта күдікті құрықталды, есірткі затын заңсыз сақтау фактісіне қатысты тергеу амалдары жүргізілуде», - деді ол.
Ресми өкілдің атап өтуінше, жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде ақмолалық полицейлер Щучье қаласында 29 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Ол есірткі заттарын жасаумен айналысқан. Күдіктіні тексеру кезінде одан 3 грамм экстракциондық апиын табылды. «Сондай-ақ есірткі заттарын жасау кезінде қолданылатын сұйықтығы бар полимер бөтелкесі, аммиак салынатын 5 бөтелке, көкнәр тұқымдары бар пакет пен сірке суы тәркіленді. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша оқшаулау абақтысына қамауға алынды», - деді ол.