Петропавлда төрт жылу магистралінің учаскесін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды.
Жұмыстар мына учаскелерде жүргізілді:
- ТМ-2 — УН-2-07 жерүсті торабынан ТК-2-16а жылу камерасына дейін Жабаев, Шәжімбаев, Новая және Алтынсарин көшелері бойында;
- ТМ-3 — ТП-3-12а жылу пунктінен ТП-3-15с жылу пунктіне дейін. Бұл учаскеде құбыр диаметрі 2Ду800-ден 2Ду700 мм-ге өзгертілді;
- ТМ-6 — УН-6-10-с жерүсті торабынан ТК-6-14-с жылу камерасына дейін Ружейников көшесі бойында;
- ТМ-8 — ТК-8-09 жылу камерасынан УН-8-19б жерүсті торабына дейін.
Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде Петропавлда жылу желілерінің жалпы ұзындығы 5,4 км болатын құбырлары ауыстырылды. Оның ішінде 3,9 км жылу желісі 2025–2027 жылдарға арналған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қайта жаңғыртылды.
Аталған іс-шаралар жылумен жабдықтау жүйесінің сенімділігі мен тұрақтылығын арттыруға, жылу шығындарын азайтуға, энергия тиімділігін жақсартуға және қаланың коммуналдық инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған.
Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің аумақтық департаменті Солтүстік Қазақстан облысының электр және жылумен жабдықтау нысандарының 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындығына мониторинг жүргізуді жалғастырады.
Айта кетейік, бұған дейін Үкімет СҚО-дағы жылу магистралі құрылысына 650 млн теңгеге жуық қаржы бөлген болатын.