Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта Пәтер иелерінің кооперативі мен мүлік иелері бірлестігінің төрағалары қызмет көрсетуші ұйымдармен бірлесіп, көппәтерлі тұрғын үйлерді қысқы маусымға дайындау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
- Біз жеті көп қабатты үйге қызмет көрсетеміз. Қазір жылыту маусымына дайындалып, үйлердің жылу жүйелерін жуып, қысыммен тексеріп жатырмыз. Бұл өте маңызды. Сондай-ақ ғимараттардың шатырын тексереміз. Ертең көктемде су ағып, тұрғындардың мазасын алмауы үшін. Кәріз жүйесін де апаттық жағдайлар болмауы үшін тексеріп жатырмыз, - дейді көп қабатты үйлерге қызмет көрсететін компанияның өкілі Тимур Жетпісов.
Әзірге Петропавлға жылудың нақты қай күні берілетіні белгісіз. Қала әкімі тиісті қаулыға қол қойған жоқ.
- Жылыту жүйесі тәулік ішіндегі орташа ауа температурасы үш күн қатарынан 10°C-тан төмен болған жағдайда іске қосылады.
Жылыту маусымын қыркүйек айының соңында немесе қазан айының басында бастау жоспарланып отыр. Алайда нақты мерзім ауа райының қалыптасуына байланысты анықталады, - деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Тимур Жұманов.
«Қазгидромет» кәсіпорнының мәліметінше, өңірде алдағы үш күн бойы жауын-шашын сақталғанымен, күндіз сынап бағанасы 21 градусқа дейін көтерілмек.
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралғанын жазған едік.