Тіркелмеген қаруды өз еркімен тапсыру акциясы елімізде 10 сәуірде басталған еді.
Солтүстік Қазақстан облысы ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, акцияның бірінші күні облыс орталығының әкімшілік полициясына 12 калибрлі ИЖ-54 тегіс ұңғылы аңшы мылтығын 61 жастағы қала тұрғыны тапсырды. Оның айтуынша, қаруды тауып алған. Қарудың қылмысқа қатысты бар-жоқтығы тексерілгеннен кейін қала тұрғынына, егер бірінші санат бойынша бағаланса - 75 мың теңге, екінші санат бойынша 53 мың теңге төленеді.
«Барлық тапсырылған қару криминалдық есептер бойынша тексерілгеннен кейін арнайы комиссия үш санат бойынша бағалайды. Бірінші санатқа - жаңа қару, екінші санатқа - пайдаланылған, үшініші санатқа - істен шыққан қару жатады. Былтыр солтүстікқазақстандықтар ақылы негізде 151 қаруды тапсырды. Оларға 8 млн астам теңге төленді», - дейді облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жасұлан Оспанов.
Биыл Солтүстік Қазақстан облысында осы акцияны өткізуге 6 млн теңге бөлінді. Заңсыз сақталған қаруды тапсыруға ниет білдіргендер аумақтық полиция бөліністеріне жүгінуі керек. Сыйақы алу үшін жеке куәліктің көшірмесін, банктегі есеп-шоттың 20 таңбалы нөмірі (әлеуметтік төлемдерге арналған шоттардан басқа) және қаруды бағалайтын комиссия қорытындысын ұсыну қажет.
Сондай-ақ, полицейлер акция бойынша заңсыз сақталған қаруды өз еркімен тапсырған азаматтар жауапкершіліктен босатылатынын ескертеді.