Петропавлда автобуста 12 жасар қызды ұрған ер адам ұсталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавл тұрғынына қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан ер адамның жасөспірім қыздың басынан ұрғанын көруге болады.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға Петропавлдағы № 2 автобуста болған. Екі ер адам шамамен 12 жастағы екі қызға тиісіп, бейәдеп сөздер айтқан, оларға жасөспірімдердің сыртқы келбеті ұнамаған. Жолаушы бойжеткен ара түскенімен, жанжал ушыға түскен.
— Қыз қатты қорқып, жылады. Ал автобустың кондукторы оқиғаға мүлдем араласқан жоқ. Бірден полиция мен жедел жәрдем қызметкерлерін шақырдық, - дейді автобуста болған жолаушы.
Тәртіп сақшылары күдіктілерді ізін суытпай анықтап, қызға қол жүмсаған ер адамды қамауға алды.
— Қала ішіндегі автобуста кәмелетке толмаған қызға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер фактісі бойынша полиция дереу шаралар қабылдады. Күдікті бірден ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Балаларға қатысты мұндай әрекеттер заңды өрескел бұзу ретінде бағаланады және қатаң жазаланады. Бұл жағдай толық полиция бақылауында, — деп жауап берді Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметіндегілер.
Бұған дейін Алматыда сарбаз әскери бөлім ғимаратының үшінші қабатынан секіріп кеткенін жазған едік.