Петропавлда «Ботай» АРТ-галереясы ашылды

Фото: СҚО әкімдігі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда белгілі қазақстандық суретшілердің, сондай-ақ қазіргі заманғы қылқалам шеберлерінің, мүсіншілердің, қолөнершілердің туындыларымен танысуға мүмкіндік беретін көрме залы ашылды. «Ботай» АРТ-галереясында сондай-ақ бейнелеу өнері саласының жаңа үрдістері және бағыттарымен танысуға болады.

Конституция күніне орайластырылған бұл іс-шараның өнер сүйер қауым және қала тұрғындары үшін маңызы зор. Заманауи галерея туристер баратын тартымды орынға айналмақ. 

Галереяның атауы ұлттық киелі орындар тізіміне енген «Ботай қонысы» археологиялық орнымен байланысты. Бұл жерде алғаш рет адамдардың жылқыны қолға үйреткені ғылыми дәлелденді. Ескерткіш біздің дәуірімізге дейінгі IV-III мыңжылдыққа, энеолит дәуіріне жатады.

Фото: СҚО әкімдігі

«1980 жылы біздің жерлесіміз, тарих ғылымдарының докторы, профессор, белгілі археолог Виктор Зайберттің басшылығымен археологиялық экпедициясы Айыртау ауданы Иманбұрлық өзенінің маңайында Ботай қонысын ашты. Осы Ботай қонысы туралы, онда табылған жәдігерлерді көрсетіп, жетістіктерін халыққа кеңінен насихаттау, мәліметтер беру - біздің облыстық музей бірлестігі жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Осы заманауи галерея өңірдің мәдени орталығының бірі болады деп сенеміз», - дейді СҚО тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Мейрамгүл Әбуова. 

Фото: СҚО әкімдігі

Іс-шараға белгілі қазақстандық суретшілер, мүсіншілер, Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері, сондай-ақ ардагерлер, зиялы қауым өкілдері және қала тұрғындары қатысты.

Фото: СҚО әкімдігі

Галерея экспозициясында қазақстандық суретшілердің картиналары, I және II халықаралық «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» симпозиумына қатысушы суретшілердің туындылары ұсынылған. Галереяның эскиздік жобасын Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Болат Әсербеков әзірледі.

Фото: СҚО әкімдігі

Осыған дейін Петропавлда «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында көрме өткенін жазған едік.

Фото: СҚО әкімдігі