Петропавлда бір апта бойы ыстық су болмайды

Фото: «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ  баспасөз қызметі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда қысқа дайындық барысында магистралды желілер тексеріліп жатыр. 

«Петропавл Жылу желілері» ЖШС-гі бүгіннен бастап жылу желілерінде гидравликалық сынақты бастады. Бұл тексеру жұмыстары жоспар бойынша 24 тамызға дейін жалғаспақ. 
Мамандардың айтуынша, гидравликалық сынақ ҚР Энергетика министрінің бұйрығымен бекітілген электр станциялары мен желілерін техникалық пайдалану қағидаларына сәйкес жүргізіледі. Яғни жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін және жылыту маусымы басталғанға дейін құбырлар мен орнатылған бекіту және реттеу арматураларының тығыздығы мен беріктігін қайта тексерілуі тиіс. Сынақ кезінде магистралдық желілердегі қысым әдеттегімен салыстырғанда 25% артады. Ал жылу тасығыштың температурасы +40°C-тан аспайды. Осы уақыт аралығында Петропавл қаласында ыстық су беру уақытша тоқтатылады.

Фото: «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ  баспасөз қызметі

Сынақтар аяқталған соң тұтынушыларға ыстық су кезең-кезеңімен беріле бастайды. Ақаулар анықталған учаскелерде жөндеу жүргізіліп, бұл үйлерге ыстық су жұмыс аяқталғаннан кейін ғана беріледі.

Бұған дейін Қостанайда жылу желілері бес жерден тесіліп, салдарынан ыстық сумен қамтуды уақытша тоқтатуға тура келгенін жазған едік. 

13 тамыздан бастап қалада ыстық су беру жұмыстары басталды.