Петропавлда донор бірнеше адамның өмірін ұзартты

Фото: Видеодан алынған кадр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда мәйіттік донор тіркеліп, өмірден өткен адамның ағзалары кемінде үш адамның өмірін сақтап қалды.

Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың мәліметінше, 65 жастағы ер адам жедел жәрдем қызметімен Петропавлдағы көпсалалы қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасына ауыр жағдайда жеткізілді. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін барлық қажетті медициналық көмекті көрсеткенімен, жүргізілген шараларға қарамастан ми өлімі тіркелді.

Фото: Видеодан алынған кадр

Марқұмның ұлы әкесінің ағзаларын донорлыққа беруге келісімін білдірген.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан санитарлық авиация бортында Ұлттық ғылыми онкология және трансплантология орталығының трансплантолог дәрігерлер бригадасы Петропавлға дер кезінде жетіп, мультиоргандық операция жүргізді. Операция барысында донордан бауыры мен екі бүйрегі алынды.

Фото: Видеодан алынған кадр

Дәрігерлердің айтуынша, бұл ағзалар бірнеше науқастың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бермек. 
Бұған дейін елімізде донорлыққа келісімін бергендердің саны 3 есеге жуық өскенін жазған едік.