Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 22 ақпан күні кешқұрым Петропавлдың шетіндегі азық-түлік дүкендерінің бірінде белгісіз ер адам сатушыны пышақпен қорқытып, ақша талап еткен. Әйелдің айтуынша, қарақшы 30 мың теңгеге жуық ақшаны олжалаған.
Петропавлдың бірінші полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-профилактикалық іс-шараны қолға алды. Сауда орнында бейнебақылаудың жоқтығы олардың жұмысын қиыната түсті. Криминалдық полиция қызметкері оқиға орнында жүргізген жұмыс барысында күдіктіні анықтады.
Дүкенші қылмыскерді сипаттап берген. Нәтижесінде бұрын есірткімен айналысқан, ұрлық жасап, тонағаны үшін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған 31 жастағы қала тұрғыны анықталды. Тексеру барысында оның аталған қылмысқа қатысы бары расталды. Ер адамнан пышақ алынды. Медициналық куәландыру оның мас күйдегі жағдайын анықтады. Аталған факті «Қарақшылық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды.
«Барлық кәсіпкерлерге бизнес-объектілерді күзету мен техникалық нығайту бойынша шаралар қабылдауға кеңес береміз. Бейнебақылау қылмыстарды ашу процесін жеделдетіп қана қоймай, қылмыскерлерді ұстауға септігін тигізеді, бейнекамералармен жабдықталған сауда орындарында мүліктік қылмыстардың сирек жасалатынын атап өткен жөн», - дейді бірінші ПБ бастығының орынбасары Талғат Смағұлов.