Петропавлда екі көлік соқтығысып, үш адам жарақаттанды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда екі көлік соқтығысып, түрлі жарақат алған жүргізушілер және бір жолаушы емдеу мекемелеріне жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға орнынан видео әлеуметтік желіде, жергілікті пабликтерде тарады. Қатты соққыдан көліктердің айтарлықтай зақымданғанын көруге болады.

«10 желтоқсан сағат 8.34-те «102» жедел арнасына Петропавлдағы Жамбыл-Интернационал көшелерінің қиылысында «Subaru Forester» және «ВАЗ 21140» көліктерінің соқтығысқаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына жедел жәрдем қызметі шақырылды. Екі көліктің жүргізушісі және «ВАЗ 21140» көлігінде болған жолаушы түрлі жарақат алып, емдеу мекемелеріне жеткізілді.

Осы факті бойынша жиналған материал Петропавл қалалық полиция басқармасының әкімшілік полиция бөліміне жіберілді», - делінген Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінде.