Петропавлда есірткі таратумен айналысқан сайттар жабылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысы мен РФ шекаралық облыстарының полицейлері видеоконференцияда өзара ынтымақтастықты және құқықтық тәртіпті нығайту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ресей тарапынан Қорған облысы бойынша ІІМБ бастығы Олег Ильиных, Омбы облысы бойынша ІІМБ бастығы Леонид Коломиец және Түмен облысы бойынша ІІМБ бастығы Юрий Алтынов қатысты.

СҚО ІІД баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, шарада тараптар есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстарды тергеп-тексеру және ашу, компьютерлік қылмыстарға қарсы іс-қимылдар, сондай-ақ шетел азаматтарының келуін бақылау жайын қозғаған.

«2017 жылы Петропавл қаласының аумағында есірткі заттарды жарнамалау және таратумен айналысқан 9 сайт анықталып, жабылды», - дейді ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы бастығының міндетін атқарушы Дулат Жакушев.

Компьютерлік қылмыстар айтарлықтай материалдық залал келтіреді. Былтыр облыс аумағында тіркелген 87 фактінің 60-ы интернет-алаяқтық болған. Қылмыстық полиция басқармасының бастығы Петр Климовтің айтуынша, 27 қылмыстық іс фактінің ізі Ресей Федерациясына апарады.