Петропавлда қарғын су үйлерге кіре бастады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда қардың күрт еруінен қарғын су жеке тұрғын үйлерге кіріп жатыр. Өткен тәулікте облыс орталығының 109 – бірыңғай байланыс орталығына көмек сұраған 119 хабарлама түскен.

Фото: Оралхан Қожанов / Kazinform

Үйлеріне су кірген тұрғындар бейнежазбаларды әлеуметтік желіге жүктеп жатыр. Мәселен Петропавлдағы Перминов көшесіндегі үйге су екі сағат ішінде кірген. 

Петропавл қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, кеше күндіз және бүгін түнде бірыңғай байланыс орталығына 119 хабарлама түскен. Соның 12-сінде тұрғындар үйлеріне су кіргенін айтқан. 

Петропавлда қарғын сумен күреске 105 адам, 60 арнайы техника және 40 мотопомпа тартылды.