Петропавл қалалық білім бөлімінің мәліметінше, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «2025–2026 жылғы эпидемиялық маусымда тұмауға, жедел респираторлық вирустық инфекцияларға (ЖРВИ) және COVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы санитариялық-індетке қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» қаулысына сәйкес сыныптар қашықтан оқытуға жіберілді.
Петропавлдағы М. Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейден кешегі күні үш сынып онлайн форматқа көшсе, бүгін олардың қатарына тағы үш сынып қосылды. Қазір қашықтан оқуға кеткен сыныптарда 61 бала ауырып жатыр.
Петропавлдағы №4 орта мектепте төрт сыныпта ауырған балалар саны 47-ге жетті.
Петропавлдағы Бірінші гимназияның екі сыныбында оқушылардың тең жартысы ауырып, олар да онлайн оқып жатыр.
Бүгіннен бастап әл-Фараби атындағы мектеп-лицейдің 1-сыныбы және Ә.Бөкейхан атындағы №25 мектептің екі 9-сынып оқушылары қашықтан оқыту форматына көшірілді.
Бұған дейін еліміз бойынша 3091 сынып қашықтан оқуға көшірілгенін жазған едік.
Сондай-ақ министр Әлназарова бастауыш сыныптар қандай жағдайда қашықтан оқуға көшетінін айтты.
СҚО-да «гонконг тұмауын» жұқтырғандар саны көбейіп бара жатқанын да жазған едік.