СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға кеше 31 қаңтар күні кешкі сағат 17.30 шамасында болған. Жамбыл және Бөкетов көшелерінің қиылысында сол жаққа бұрылмақ болған «ВАЗ-21120» автокөлігінің 20 жастағы жүргізушісі тура келе жатқан «Mercedes» көлігіне жол бермеген. Салдарынан «Mercedes» көлігіндегі Петропавл қаласының 22 жастағы тұрғыны соқтығысудан қашып, көлікке ие бола алмай, жол шетінде тұрған жүргіншіні және сол жерде тұрған «Toyota Vista» машинасын соқты.
Жол апатында зардап шеккен жүргіншіні жедел жәрдем қызметкерлері №3 қалалық аурухананың жарақат бөліміне жеткізді. Дәрігерлердің медициналық көмегінен кейін ол үйіне жіберілді.
«ВАЗ-21120» және «Mercedes» автокөліктері Петропавл қалалық патрульдік полиция батальонының арнайы тұрағына жеткізілді. Материал жиналып, процессуалды шешім шығару үшін Петропавл қалалық полиция басқармасының әкімшілік полиция бөліміне жіберілді.