Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Дархан Хайруллиннің айтуынша, тұрғындар қолданыстағы тұрғын үйлердің жекелеген бөліктерін қайта жаңғырту және қайта жоспарлау үшін сәулет-жоспарлау тапсырмасын алуға өтініш берген. Алайда Петропавл қаласы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі өтініштерді қанағаттандырудан бас тартқан. Мамандар мекенжай бойынша егжей-тегжейлі жоспарлау жобасының жоқтығына байланысты құрылыс пен реконструкциялау мүмкін емес деп шешім шығарған.
— Бұл заңсыз шешім. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің түсіндірмесіне сәйкес, қолданыстағы ғимараттар мен құрылыстардың жекелеген бөліктерін салу және реконструкциялау үшін егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы талап етілмейді. Тексеру қорытындысы бойынша өтініш иелерінің құқықтары қалпына келтіріліп, оларға құрылыс пен реконструкция жүргізуге қажетті сәулет-жоспарлау тапсырмалары берілді, — дейді Дархан Хайруллин.
Ал мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тартқан жауапты лауазымды тұлғалар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жалпы, жыл басынан бері СҚО-да осылайша сегіз адамның құқығы қорғалды. Мамандардың айтуынша, егер мемлекеттік қызметтердің сапасына қатысты сұрақтар немесе ұсыныстар туындаса, азаматтар «е-Өтініш» жүйесі немесе Telegram желісіндегі EgovKzBot2.0 сервисі арқылы жүгінуге болады.
Бұған дейін СҚО-да мемқызметшілердің еңбек құқығы бұзылып келгенін жазған едік.