Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, оқиға бүгін 12 қазанда сағат 03:00 шамасында Петропавлдағы Труд көшесі бойында орналасқан өндіріс нысандарының бірінде болды.
Кәсіпорынның өндірістік желісі қамыр илейтін аппаратты ішіндегі қамыр қалдықтарынан тазарту үшін тоқтатылған. Осы кезде престеуші болып жұмыс істеген ер адам жабдықтың ішкі бөлігін тазалауға кіріскен. Алайда жұмыс барысында аппараттың қалақтары мен біліктері іске қосылып, жұмысшыны ішіне тартып кеткен. Алған жарақаттарынан ер адам оқиға орнында көз жұмды.
Жазатайым оқиға мемлекеттік еңбек инспекциясының бақылауына алынды. Тергеп-тексеру жөніндегі арнайы комиссия құрылып, қазіргі уақытта жұмыс істеп жатыр.
Аталған факті бойынша полиция еңбек қауіпсіздігі қағидаларын бұзу салдарынан адам өліміне әкеп соққан жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғады.
— Өндірістік қондырғының ішіне құлау салдарынан кәсіпорынның 35 жастағы жұмысшысы ауыр жарақаттар алып, көз жұмды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, — деді СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінен.
Бұған дейін Астанада 15-қабатта кондиционер орнатқан жігіттің аяғы тайып, кронштейнге ілініп қалғанын жазған едік.